Skip to main content
Біз қоғамның
игілігі үшін саламыз
«БГҚ Түркістан» жобасында «газ ядросын» қалыптастыру аяқталды
| Жаңалықтар

«БГҚ Түркістан» жобасында «газ ядросын» қалыптастыру аяқталды


«БГҚ Түркістан» жобасының бас корпусында Siemens Energy өндірісінің төртінші газ турбинасы орнатылды. Агрегат Бас корпустың №2 бөлімі аумағында уақытша тіректерге монтаждалды.

Бұл кезең станцияның негізгі газурбиналары жабдықтарын орнатудағы соңғы шешуші саты болды. Сәтті монтажға жобаның жаһандық ауқымын айқын көрсететін күрделі логистикалық операция алдын ала жүргізілді. Аса ауыр жабдық шамамен 15 мың шақырым қашықтықты еңсерді. Газ турбинасының жолы Германияның Гамбург портынан басталды.

Жүктің ірі габариттері мен қазіргі логистикалық сын-қатерлерді ескере отырып, тасымалдау бағыты Африка құрлығын айнала теңіз жолымен өтті. Оңтүстік-Шығыс Азияны басып өтіп, кеме Қытайдың шығысындағы Тяньцзинь портына келіп жетті. Одан әрі газ турбинасы автокөлікпен Қытай аумағы арқылы Қазақстанға жеткізіліп, Түркістан облысы Сайрам ауданы аумағындағы құрылыс алаңына тікелей тасымалданды. Өзге де негізгі жабдықтар дәл осындай маршрутпен жеткізілді.

Бас корпус ішіндегі монтаж жұмыстары аса жоғары жауапкершілік режимінде жүргізілді. Агрегатты орнату халықаралық сарапшылар тобының қатаң бақылауымен жүзеге асырылды. Инженерлік штаб құрамына келесі компаниялардың өкілдері кірді: Siemens Energy (шеф-монтаж және техникалық қадағалау), Doosan Enerbility (бас мердігер), Integra Construction KZ (құрылыс серіктесі).

Инженерлердің айтуынша, турбинаның дәл әрі нақты орналастырылуы оның ұзақ мерзімді әрі тұрақты жұмыс істеуінің негізгі кепілі болып табылады.

Станцияның «газ ядросын» қалыптастырудың аяқталуы жобаны түпкі мақсатқа - Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясы тапшылығын толық өтеуге мүмкіндік беретін қуаттарды іске қосуға жақындата түсті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «БГҚ Түркістан» ЖШС жобасы елдің бүкіл энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті маневрлік генерацияны қамтамасыз етеді.

Дереккөз: SKnews.kz

© 2009-2026 «Integra Construction KZ» ЖШС барлық құқықтары қорғалған. | Сайтты әзірлеу: arctika.kz