Skip to main content
Біз қоғамның
игілігі үшін саламыз
Қызылжар – Жезқазған учаскесі қазақстандық микропроцессорлық орталықтандырылған жүйемен жабдықталды
| Жаңалықтар

Қызылжар – Жезқазған учаскесі қазақстандық микропроцессорлық орталықтандырылған жүйемен жабдықталды


Ұзындығы 162 шақырымды құрайтын Қызылжар – Жезқазған теміржол учаскесінде үш тәулікке жоспарланған технологиялық «терезе» жұмыстары аяқталды. Барлық жоспарланған жұмыстар небәрі бір жарым күн ішінде, белгіленген мерзімнен ерте орындалды. Жұмыстар инфрақұрылымды жаңғырту және желіні дайындау аясында жүргізілді.

Жаңартылған желіні іске қосу жүк тасымалы көлемін арттыруға, сондай-ақ жолаушылар және жүк пойыздарының жол жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл жоба Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту үшін ерекше маңызға ие, себебі ол Транскаспий бағыты бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрамына кіреді.

Технологиялық «терезе» үш күнге созылып, жаңа теміржол желісінде іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізу үшін қозғалысты уақытша шектеуді көздеді. Осы кезеңде мамандар жүйені сынақтан өткізіп, бағыттамалардың, сигналдардың және рельстік тізбектердің өзара әрекеттесуін тексерді. Жоба аясында төрт қосымша разъезд салынды, бұрын қолданылған жартылай автоматтың орнына автоматты құлыптау жүйесі енгізілді, сондай-ақ отандық «МПЦ QZ» микропроцессорлық орталықтандырылған бағдарламасы пайдаға берілді.

Құрылыс барысында №280, 323, 366 және 402 разъездері тапсырылды. Төселген станциялық жолдардың жалпы ұзындығы 10,6 шақырымды құрап, 22 бағыттама жиынтығы орнатылды. Integra мамандарының айтуынша, технологиялық «терезеге» сапалы дайындық пен қолайлы ауа-райының арқасында барлық кезеңдер қиындықсыз орындалды.

Үш күндік технологиялық «терезенің» қорытындысы бойынша Қызылжар – Жезқазған учаскесі толықтай дайын.

Жобаны іске асырумен Qaz Rail Automatic субмердігер ұйымының мамандары, сондай-ақ Оңтүстік, Солтүстік дирекциялардың және «Достық – Мойынты» екінші жолдарын салу дирекциясының ұжымдары айналысты.

© 2009-2026 «Integra Construction KZ» ЖШС барлық құқықтары қорғалған. | Сайтты әзірлеу: arctika.kz