Стратегиялық маңызы зор инфрақұрылымдық жоба – «Мойынты – Қызылжар» теміржол желісінің құрылысы белсенді фазада жүзеге асырылуда. Ұзындығы 323 шақырым болатын жаңа теміржол бағыты Қарағанды және Ұлытау облыстарының аумағынан өтеді. Жоба Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылып, елдің көлік-логистикалық жүйесін дамытуға бағытталған.
Жобаның мақсаты – теміржол тасымалдарының тиімділігін арттыру, қолданыстағы бағыттарға түсетін жүктемені азайту және Мойынты станциясынан Қызылжар станциясына дейінгі учаскені жаңғырту. Бұл өз кезегінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырып, жалпы логистикалық жүйенің сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстары биылғы сәуір айында басталды. Қазіргі таңда нысанда ауқымды жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаға 150-ден астам маман мен 100-ден аса арнайы техника жұмылдырылған.
Бүгінгі таңда 375 мың текше метрден астам топырақ үйіндісі төселді. Сонымен қатар, 14 бөлінген пункттің құрылысы жоспарланып отыр, 40 көпір мен жол өтпесін салу және 108 су өткізу құбырын төсеу қарастырылған.
Жобаның бас мердігері – теміржолдарды салу және жаңғырту саласында мол тәжірибесі бар, еліміздегі ең ірі компаниялардың бірі саналатын «Integra Construction KZ» ЖШС. Компания бұған дейін де көлік инфрақұрылымы саласында бірқатар ауқымды жобаларды табысты жүзеге асырған.