Премьер-Министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарының алғашқы нәтижелерімен танысты.
Құрылыс қарқыны мен пайдалануға берілген тұрғын үйдің сапасы, сондай-ақ су тасқынынан кейінгі кезеңде тұрғындарды қолдау мәселесі талқыланды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың барлығының баспанасын қалпына келтіру мәселесін ерекше бақылауда ұстап отыр. Солтүстік Қазақстан облысы қаладағы су басқан ықшам аудандардағы үйлердің құрылысын алғашқылардың бірі болып аяқтады. Біздің басты міндетіміз – зардап шеккендердің барлығын суық түскенге дейін үйлеріне көшіру», — деп атап өткен Олжас Бектенов әкімдікке іргелес аумақты абаттандыруды тапсырды.
«Бірлік» ықшам ауданында барлығы 700 үй мен 90 орындық балабақша салынып жатыр. Жақында ғана отбасыларға қоныстану үшін 53 үйдің кілті берілді. Маусым айының соңына дейін тағы 47 үй беру жоспарланса, 600 үйдің құрылысы биылғы тамыз айының соңына дейін аяқталады. Бірлік ықшам ауданы қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген, топырақты жолдар салынып, серуендеуге және демалуға арналған аймақтарды абаттандыру жүргізіліп жатыр.
Салынып жатқан құрастырмалы-қалқанды үйлердің сапасы мен технологиясына ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда 100-ден астам учаскеде іргетас қаланып, конструкциялар құрастырыла бастады, сонымен қатар сумен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, 400 үйдің құрылысын "Integra Construction KZ" ЖШС жүзеге асырады.
Дереккөз: primeminister.kz