Integra Construction «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол бағытындағы ауқымды жол құрылысын жалғастыруда. Желінің жалпы ұзындығы 132,5 шақырымды құрайды.
Айта кетейік, пойыз жолдарын төсеу жұмыстары 30 мамыр күні бастау алды.
Ердәуіт станциясында 11,07 км темір жол салынды, ал келесі кезектегі Ердәуіт-РЗД.2 аралығында тағы 8,4 км төселген, сонымен қатар Ердәуіт бекетінде бағыттамалық бұрмалардың 26 данасы орнатылды. Қазіргі уақытта шпал-рельсі торының дайындығы 110,7 км құрайды. Сондай-ақ, жол бойында 37 көпір құрылысы қарастырылған.
Жұмыс барысы және туындаған мәселелер туралы «Дарбаза-Мақтаарал» жобасының жетекшісі Ерланғазы Дәулетьяров баяндады. Оның айтуынша, жолды төсеу кезінде мамандар түрлі инженерлік-геологиялық қиындықтарға тап болады. Жекеленген учаскелерде гетерогенді топырақтар мен жер асты суларының жоғары деңгейі анықталған. Сонымен қатар, қолданыстағы коммуникациялар мен көлік инфрақұрылымының қиылысын ескеру қажет болды. Аймақтың климаттық ерекшеліктері де маңызды рөл атқарады.
Құрылыс барысында жер жұмыстарының механикаландырылған әдістері, сондай-ақ топырақты нығайту және тұрақтандыру технологиялары қолданылуда. Десе де барлық жұмыстар жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізілуде.
Күнделікті объектіде 550-ге жуық маман және жұмысшылар жұмылдырылған, атап айтқанда инженерлік-техникалық бағыттағы қызметкерлер жоба аясында аянбай еңбектенуде. Құрылыс алаңдарында 400-ден аса техника бірліктері де жұмыс істеуде.
Құрылыс материалдарын жеткізу бекітілген кесте аясында жүргізіледі. Барлық келетін қосалқы бөлшектер тек сертификатталған жеткізушілерден алынады, жұмыс сапасы басшылықтың жіті назарында.
Компания басшылығы қауіпсіздік мәселесіне айрықша көңіл бөледі. Құрылыстың барлық деңгейінде еңбек талаптары, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздіктері қатаң сақталады. Жұмысқа кіріспестен бұрын әр қызметкердің алдында нұсқаулар туралы ескертіледі.
Жобаны жүзеге асырумен Дарбаза - Өзбекстанмен Мемлекеттік шекара теміржол желісін салу дирекциясы айналысады. Жолдың жоғарғы құрылымына "Батыс дирекциясы"филиалы жауапты. Құрылысты 2026 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарлануда. Желі бес ауданның аумағы арқылы өтіп, болашақта Қазақстанды Өзбекстанмен байланыстыратын көлік дәлізіне айналады.