Бүгін Астана қаласындағы Үркер тұрғын үй массивінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай 2000 орынға арналған жаңа жайлы мектептің техникалық ашылуы өтті.
Бұл шараға Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысып, жаңа салынған мектепті аралап көрді. Сонымен қатар, бас мердігер компанияның бас директоры Данияр Рахимтаев та қатысты.
Жаңа мектеп заманауи талаптарға сай салынған және қажетті барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Мұнда: 4 қабатты ғимаратта 177 оқу кабинеті, 4 спорт залы, зертхана кабинеттері, шеберханалар, кітапхана, 346 орындық асхана, 8 сырт киім сақтайтын орын, хореография залы мен 430 орындық акт залы, коворкинг аймақтары қарастырылған. Барлық кабинеттер заманауи интерактивті тақталармен және әдістемелік құралдармен жабдықталған.
Айта кетейік, Integra Construction KZ ЖШС «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл елімізде 15 заманауи мектептің құрылысын қолға алған. Бүгінгі күнге дейін олардың 5-еуі аяқталып, пайдалануға берілді. Соның ішінде Астанада – 3, Таразда – 2 мектеп салынды.
Бұл бастама білім беру саласын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.